Мектеп психологының құқығы мен міндеттері
Мектептегі психологиялық қызмет – әрбір баланың толыққанды психикалық және тұлғалық дамуына әсер ететін жағдайлармен қамтамасыз ету негізгі мақсаты болып табылатын білім беру жүйесіндегі арнайы сала.
Мектептегі психологиялық қызметтің басты мақсаты – дамудың және оқу-тәрбие процесінің әлеуметтік жағдайын ғылыми психологиялық қамтамасыз ету, яғни білім беру процесіндегі барлық қатысушылардың денсаулығын сақтауға арналған психологиялық жағдайларды қамтамасыз ете алатын, тұлғаны дамыту мен тәрбиелеудің осы күнгі психологиялық-педагогикалық теориялары негізінде осы процесті ұйымдастыру мен құру және жүргізу.
Қызметтің негізгі мәселелеріне кіретіндер:
- әр жас кезеңінде балалардың тұлғалық интеллектуалдық дамуына қолдау көрсету, олардың бойында өзін тану және өзін жетілдіру қабілеттерін қалыптастыру;
- -білім беру мекемелерінде әлеуметтік-психологиялық климаттың жағымды үйлесімді болуына қолдау көрсету;
- -білім беру бағдарламаларын олардың мазмұны мен игеру тәсілдерін оқушылардың, тәрбиелеушілердің ақыл-ой және тұлғалық мүмкіндіктеріне бейімдеу мақсатында психологиялық қамтамасыз ету;
- білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік жағдайды психологиялық талдау, негізгі мәселелерді айқындау және олардың туындау себептерін, шешілу жолдары мен құралдарын анықтау;
- балалардың, жеткіншектер мен жастардың дамуындағы ауытқулардың алдын алу және жеңе білу ;
- мамандардың кәсіби іс-әрекетіне, білім беру бағдарламалары мен жобаларына, оқу-әдістемелік құралдарға психологиялық сараптама;
- үздіксіз білім беру процесінде бір сатыдан екінші сатыға ауысу кезіндегі психологиялық — педагогикалық жағдайларды әзірлеу және жасау;
- білім беру тәжірибесіне психология ғылымының жетістіктерін енгізу мен оларды таратуға қолдау көрсету;
- білім беру жүйесі мамандарының іс-әрекетін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету.
Мектеп психологының құқықтары мен міндеттері және жалпы ережелер, мектеп психологының негізгі қызметтік мәселелері туралы арнайы оқулықтардан оқып-біле аласыздар (Берілген әдебиеттер тізімін қараңыз). Ал кейбіріне қысқаша тоқталсақ…
- Мектеп психологының құқықтары мен міндеттері. Мектеп психологының құқықтық мәртебесі
- Мектеп психологы – жоғары психологиялық білімі бар маман.
- Қызметтік кесімді айлық, еңбек демалысының ұзақтығы, педагогикалық жүктеменің тарифтелген көлемі ҚР Білім және ғылым министрлігінің нормативті құжаттарына сәйкес белгіленеді.
- Психолог қызметі санаттар негізінде (19 дан 16-ға дейінгі дәреже) әрбір мектепте – білім беру мекемесіне кем дегенде бір психолог болып тағайындалады. 500-ден астам тәрбиеленушілері бар білім беру мекемелерінде психолог мамандардың саны көбейтіледі.
- Мектеп психологының жұмыс тәртібі мектептің жалпы тәртібіне сай болуы тиіс және оны білім беру мекемесінің директоры бекітеді. Психологтың жұмыс уақыты бағдарлық талаптарды ескере отырып ұйымдастырылады.
- Білім беру мекемесіндегі психолог жұмысы үшін табысты іс-әрекетке қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін арнайы жабдықталған бөлме бөлінеді.
- Мектеп психологы әрбір оқу жылының басында мектептің педагогикалық кеңесінде тыңдалатын және білім беру мекемесінің директоры бекітетін өз іс-әрекетінің жоспарын жасайды.
- Мектеп психологы өз іс-әрекетіне есеп жүргізіп отырады және әрбір оқу жылының соңында атқарылған жұмыс туралы есеп береді, ол білім беруді басқарудың тиісті деңгейде жалпы мектептік есепке енгізіледі.
- Психолог іс-әрекетіне жалпы бақылауды жоғары тұрған психологиялық қызмет, мектеп директоры және педагогикалық кеңес бекітілген бағдарлама негізінде жүзеге асырады.
- Мектеп психологы оқу орны әкімшілігінің нұсқауларын, егер олар психологтың негізгі мақсаттарына, міндеттеріне және этикалық кодексіне қарама-қайшы болса, орындамауға құқылы.
- Білім беру мекемесінің психологы өз іс-әрекетін әкімшілікпен, педагогикалық ұжыммен, ата-аналармен, медициналық қызметпен, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім қызметімен, т.б. тығыз байланысты жүргізуге міндетті.
- Өзінің іс-әрекетінде мектеп психологы ұйымдық-психологиялық, дамытушылық, психофасилитациялық, психопрофилактикалық, психодиагностикалық және психокоррекциялық бағыттарды жүзеге асырады.
П с и х о л о г:
- оқу-тәрбие үрдісінің барлық субъектілерімен жұмыс істеудің формаларын және әдістерін таңдауға, жұмыстың белгілі бір кезеңге арналған маңызды бағыттарын атап көрсетуге, жұмыстың көптеген түрлерін жүргізу кезектілігін белгілеуге;
- оқу орнының басшылығына психологиялық қызметтің тиімді іс-әрекетіне қолдау көрсететін идеялар ұсынуға;
- оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру жөніндегі қажетті мектеп құжаттамаларын оқып-үйренуге;
- оқу-тәрбие үрдісімен байланысты әр түрлі мәселелерді талқылайтын жиындар мен мәжілістерге белсенді қатысуға;
- педагогикалық және мектеп ұжымдарында әр түрлі психологиялық зерттеулер мен тестілер жасауға, пайдалануға, түзетуге және жүргізуге;
- тәжірибелік психологияның ғылыми орталықтармен, жоғары оқу орындарының психология кафедраларымен, психологиялық ассоциациялармен, психолог-практиктермен тұрақты іскерлік байланысты жүзеге асыруға;
- әр түрлі конференцияларға, семинарларға, симпозиумдарға тәжірибе алмасу мен өз біліктілігі мен кәсібилігін жетілдіру мақсатында қатысуға;
- мектеп әкімшілігіне, педагогтарға, ата-аналарға, оқушыларға әртүрлі психологиялық мәселелер бойынша ұсыныс-кеңестер беруге қ ұ қ ы л ы.
П с и х о л о г:
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нормативті актілерін, құжаттарын, бұйрықтарын, нұсқауларын басшылыққа алуға;
- Өзінің іс-әрекетін өз кәсіби біліктілігінің және қызметтік міндеттемелерінің шеңберінде жүргізуге;
- Психология мен педагогиканың әртүрлі салаларындағы ең жаңа жетістіктерді білуге және насихаттауға; диагностиканың, түзетудің, алдын алудың ғылыми негізделген әдістерін өз іс-әрекетінде қолдануға; өзінің кәсіби деңгейін жетілдіру үшін үнемі еңбектенуге;
- Тәжірибелік психологтың этикалық кодексі нормаларын басшылыққа алуға;
- Мектеп қабырғасындағы диагностикалық, психокоррекциялық, консультативтік іс-әрекетіне тиісті кәсіби әзірлігі жоқ біліксіз адамдарды жібермеуге;
- Кез келген мектеп құжаттамасына (тәрбие беру жоспарларына, білім беру бағдарламаларына, педагогикалық кеңестің шешімдеріне, ағымдағы оқу-тәрбие поцесіне, т.б. ) психологиялық талдау жүргізуге;
- Мектеп ұжымындағы әртүрлі деңгейдегі тұлғааралық қатынастарды (Оқытушы-администратор, оқытушы-оқытушы, оқытушы-оқушы, оқушы-оқушы) бақылауда ұстауға, талдауға және түзетуге;
- Әкімшілікпен, оқытушылармен, оқушылармен, ата-аналармен бірлесе отырып, білім беру үрдісінің барлық субъектілерінің табысты бейімделуі мен тиімді іс-әрекетіне қолдау көрсететін ғылыми негізделген білім беру, тәрбиелеу, түзету,т.б. бағдарламаларды жасауға және енгізуге;
- Еркін формадағы психологиялық құжаттаманы (дискеттер, үн таспаларды, перфокарталарды, т.б.) жүйелі түрде жүргізуге және сақтауға м і н д е т т і.